Балалардағы ас қорыту жолдарындағы бөгде денелер

Балалардың асқазан-ішек жолына әртүрлі бөгде заттар жиі түседі. Көп жағдайда бөгде зат асқазан-ішек жолдарымен кедергісіз өтеді, алайда тұрып қалуы, бекіп қалуы, мүшенің қабырғасын тескілеуі мүмкін. Мектеп жасына дейінгі балаларда бөтен денені жұту кезінде қорқыныш басым болады (жылау, қозғалыс мазасыздығы). Үлкен балалар «тамағындағы» кесек» туралы айтады. Егер зат едәуір мөлшерде болса, онда жұту әрекетінен кейін дисфагия белгілері пайда болады. Одан кейін балалар жұтқанда тамағының ауыратынына шағымданады.

Өскемен қ. Ана мен бала орталығы қабылдау-диагностикалық бөлімшесіне 2010-2020 жылдар аралығындағы онжылдық кезеңде 6 айдан 15 жасқа дейінгі 1900 бала асқазан-ішек жолында бөгде зат бар деген күдікпен жүгінді. Асқазан-ішек жолында бөгде дене барлығына күдікті баланы қарап-тексеру жалпы қарап-тексеруден, көкірек қуысын аускультациялаудан, рентгенологиялық зерттеп-қараудан (металл БД, белгісіз БД бар пациенттерге), көкірек қуысы мен іш қуысын жалпы шолатын рентгеноскопиядан (қажеттілігіне қарай зерттеу контрастіленеді), асқазанында ірі (үшкір) заттан күдікті пациенттерге диагностикалық фиброгастроскопиядан тұрады. Сирек жағдайларда ішкі қуыстың ультрадыбыстық зерттеуі арқылы ақпарат алынады. Рентгеноскопия (рентгенография) кезінде БД 1146 баладан (60,3%) табылды, металл емес бөгде дене (ата-аналардың айтуынша) 502 баланың (26,4%) асқазан-ішек жолында болды, 234 (12,3 %) баланың ағзасынан бөгде заттар анықталған жоқ.

Медицина қызметкерлері балалардың ұсақ заттарды жұтуы қауіпті деп жар салып жатса да, бөгде денелі пациенттер саны азаятын емес. Жыл сайын хирургия бөлімшелеріне бөгде затты жұтқан балалар түседі. Балалардың назарын кез-келген нәрсе аударуы мүмкін: сырғалар, инелер, шаш қыстырғыштар, сақиналар, ойыншықтардың ұсақ бөлшектері, мозаика, конструктордың бөліктері, тиындар, батареялар.

Дәрігерлер жалпыға белгілі ережелерді еске салады: бала пәтерде өздігінен қозғалып, көзіне түскенді аузына сала бастаған кезде баланың көз алдынан барлық ұсақ заттарды жинау керек.

Әдетте 8 айдан 3 жасқа дейінгі жас бөгде денелерді жұту тұрғысынан қауіпті болып саналады. Балаға ойыншық бермес бұрын ата-аналар пакетте «3 жасқа дейінгі балаларға беруге тыйым салынады» деген жазба жоқ екеніне көз жеткізуі керек. Мұндай жағдайларда қауіпсіздік ережелерін елемеу кейде қауіпті салдарға әкеледі.

Бәрінен қауіптісі - тұрмыстық химия, батареялар, магниттер.

Хирургтер кейбір заттарды ерекше салдарсыз алып тастай алады, әсіресе егер олар асқазанға қауіпсіз жетсе. Ал қатты химия, батареялар, магниттер көрінеу жерде қалған дәрі-дәрмектер өлім қаупін төндіреді. Тұрмыстық химия баланың ұзақ уақыт ауруханада жатуын талап ететін салдары бар өңештің ауыр күйіктерін тудырады және өңештің тыртықтала жіңішкеруіне әкелуі мүмкін. Кейде ұзақ емдеуден кейін өңешті алып тастауға, кейінірек оны ішек фрагментінен жасауға тура керек.

Соңғы кезде балалар магниттерді жиі жұтатын, тіпті бірнешеуін жұтатын болды. Қауіп мынада: іште, мысалы ішек қуысында, магниттер бір-бірімен бірігеді, осы жерде ішекке қан беру жоғалады, біртіндеп жара пайда болады және ас қорыту жолдарының қабырғалары тесіледі, олардың ішіндегісі іш қуысына құйылады.

Дәрігерлер балалардың өңеш немесе асқазанынан алуға тура келетін бөгде денелерінің жалпы санынан батареялар шамамен 10% құрайды. Бір қарағанда, бұл өте үлкен көрсеткіш емес. Бірақ әр жағдайда баланың денсаулығы жоғалады.

Батареялар бала үшін неліктен қауіпті?

Біріншіден, оларды фиброгастроскоппен алып тастау өте қиын. Дөңгелек және тайғақ, олар бөтен денелерді алып тастайтын ілмекке ілінбейді, эндоскопист дәрігердің қолындағы қысқыштардан немесе ілгектерден тайып кетеді. Нәтижесінде, оны алу әрекеттерін бірнеше рет қайталауға тура келеді, бұл ересектер үшін ауыр азап, ал балаларда іс жүзінде мүмкін емес. Сондықтан балаларда бөгде денелерді алу наркозбен жасалады.

Литий батареялары адам ағзасының тірі тіндері үшін өте қауіпті. Олар жоғары қуатты энергия зарядын жинақтайды. Өңештің немесе асқазанның ылғалды ортасында полюстер арасында қысқа тұйықталу пайда болады, нәтижесінде электр тоғынан шырышты қабық пен тереңірек қабаттарды да күйік шалады.

Батарея асқазан-ішек жолдарының кез-келген бөлігінде неғұрлым ұзақ болса, оның бұзылу қаупі соғұрлым жоғары болады. Сонымен қатар, одан күшті сілті шығады, ол бірден химиялық реакцияға түсіп, тірі тіндерді ерітіп, терең ойық жараларға әкеледі. Бұл құбылыс электрохимиялық күйік деп аталады. Бұдан бөлек аккумулятордың басқа уытты компоненттері жалпы қан ағымына сіңуі мүмкін.

Дәрігерлер батареяны ала салысымен, зақымдану алу кезіндегі көрініспен шектеледі деп айта алмайды, өйткені процесс бөгде денені алып тастағаннан кейін де жалғасады. Сондықтан батареяның әсер ету салдарын бірден бағалау мүмкін емес. Магнит немесе батарея жұтқанда сағаттар, тіпті минуттар санаулы. Егер батарея жаңа болса, өңештің қабырғасын толықтай күйдіруге жарты сағат жеткілікті. Өкінішке орай, мұның бәрі өз істерімен айналысып кететін ересектердің қарамауынан болады.

Жұтылған батареялар қандай асқынулар қалдырады?

Статистикаға бойынша батарея жұтып қойған балалардың шамамен 80% әртүрлі ауырлықтағы асқынулар бар. Олардың ішінде ең қауіптісі – іріңді медиастинит немесе перитонит дамитын асқазанның, өңештің немесе ішектің кез-келген бөлігінің перфорациясы. Батареядан бөлінген сілтіден қан тамырлары еруінен жаппай қан кету де қауіпті. Мұндай жағдайларда баланың өмірін сақтау үшін әр минут қымбат.

Батарея өңеште немесе асқазанда бірнеше сағат болса да, күшті химиялық реагенттер бөлінген жерде ойық жара пайда болады, оны емдеу үшін бір айдан астам дәрі-дәрмек терапиясы мен қатаң диета сақтау қажет. Емделу процесін бақылау және туындаған асқынуларды уақытында анықтау үшін балаға бірнеше ФЭГДС жасау керек болады. Егер батарея ішекке өтсе, онда ол жылжып бара жатып әр жерлеріне бір емес, бірнеше жара қалдыруы мүмкін.

Өңештің электрохимиялық күйігінің зардабы ауыр. Дами түсетін тарылу оның деформациясына әкеледі, формасы құмсағат тәрізді болады, оның жіңішке тұсынан қатты тамақ асқазанға өте алмайды. Пайда болған тыртық жыл сайын қатайып, дәрігерлерді өңешті үнемі сүңгілеуге мәжбүр етеді.

Баланың жаман бір нәрсені жұтып қойғанын көруге бола ма?

Бөгде затты, оның ішінде батареяларды жұтқан жағдайда қандай да бір ерекше белгілерді анықтау қиын. Баланың жұтынуы қиындап, сілекейі көп ағады, жөтелуі мүмкін. Бірақ бұл белгілер басқа ауруларға тән, мысалы, ЖРВИ. Кейде бірнеше күн бойы батарея ешқандай белгі бермейді. Ата-анаға барлық заттар орнында ма, ойыншықтан қандай да бір бөлшек сынған ба, жоқ па, соны тексеру ғана қалады.. Әдетте бұл қалай болады: ата-аналар баланың жұтуы мүмкін нәрсені анықтап ап, содан кейін дәрігерге барады.

Егер бала батареяны жұтып қойса не істеу керек?

Бала өзін қаншалықты жақсы сезінсе де, оны тезірек хирургиялық стационарға жеткізу керек, онда бөгде денені алып тастауға шара жасалады. Батареяға жұтылғанына күдіктенсеңіз, дереу хабарласыңыз. «Мүмкін» деп үміттенбеңіз және балаңыздың денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмеңіз. Есіңізде болсын, бұл жағдайда онда әр минут бағалы.. Егер балақайдың жолы болып, өңештегі немесе асқазандағы зиянды батарея химиялық ерігенге дейін алынса, амбулаториялық бақылау қажет. Қауіпті асқынуларды бақылап, уақтылы анықтау үшін ауырлау жағдайларда ауруханаға жатқызу бірнеше күнге созылуы мүмкін.

Жоғарыда келтірілген ақпарат балаға электронды ойыншық немесе әдемі магнит сатып аламыз деп шешкен ата-аналарға оның қауіптлігін толық түсінуге көмектеседі деп үміттенеміз.

Бұл балаларда здамытатын аманауи ойыншықтар болмауы тиіс дегенді білдірмейді. Бірақ біз, ересектер, олардың абсолютті зиянсыз болуына қамқорлық таныту керекпіз. Олардың, демек біздің де, бақытты болашағымыз осыған байланысты

 «Ана мен бала орталығы» ШЖҚ КМК хирург дәрігері 

Құралай Советқанқызы Рамазанова