Заманауи контрацепция тәсілдері

Жүктілікті жоспарлау дегеніміз тілеген баланы қалуыңызша табу, қаламаған жүктіліктен аулақ болу, босану арасындағы аралықты реттеу, баланың туылу уақытын таңдау. Мұның бәрін контрацепция әдістерін қолдану арқылы жасауға болады.

«Қауіпсіз» күндерді есептеу, күнтізбелік әдіс, үзілген жыныстық қатынас, спринцовка жасау және душтың – контрацепциялық әсері жоқ және контрацепция әдістеріне жатпайды. Алайда әлі де халық арасында ең белгілісі осылар. Әрине, басты себеп – олардың қолжетімділігі.

Төменде сенімділік деңгейі әлдеқайда айқын контрацепцияның нақты әдістерін келтіргім келеді.

Контрацепция ­­- бұл саналы, ерікті, жеке таңдалған бала тууды реттеу шараларының жүйесі.

Контрацепция қазіргі заманда әйелдер денсаулығын сақтаудың аса маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырылады. Бұл ­- бірінші кезекте қаламаған жүктіліктің, оның салдарынан жасалатын аборт және одан кейінгі асқынулардың, бедеуліктің алдын алуға қатысты. Сонымен қатар соңғы кездері контрацепцияның кейбір түрлері емдік мақсатта да қолданылады.

Ұрықтануға қарсы таблеткалар салмаққа әсер етеді деген түсінік бар. Шын мәнінде, гормондардан салмақ артпайды, ол тамақ ішуден артады. Гормондарды қабылдағанда метаболизм өзгереді. Сондықтан құрамдастырылған контрацептивтерді ішкенде диетаға қатаңырақ қарап, жаттығу залы туралы ұмытпау керек!

Контрацепция әдісін таңдағанда оның тиімділігін ескеру өте маңызды.

Тиімділігі төмендері: күнтізбелік әдіс, температуралық әдіс, үзілген жыныстық қатынас.

Тиімділігі орташалары: презерватив, спермицидтер.

Тиімділігі жоғары: стерилизация, гормоналды контрацепция, жатырішілік спираль.

Қазіргі уақытта қалаусыз жүктіліктің алдын алудың ең көп таралған әдісі ­-гормоналды контрацепция болып табылады.

Гормоналды контрацептивтер 60 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді. Олар көптеген әйелдердің сенімі мен құрметіне ие болды, өйткені олар қаламаған жүктіліктен қорғаудың жоғары және тиімді деңгейін қамтамасыз етеді.

Гормоналды контрацептивтерге ұрықтануға қарсы таблеткалар, қынап сақиналары, пластырьлер, инъекциялар, имплантаттар, гомоналды спиральдар жатады.

Менструалдық цикл­ ­- алдыңғы менструацияның бірінші күнінен келесі менструацияның бірінші күніне дейінгі аралықтағы уақыт. Оның қалыпты ұзақтығы 25-35 күн, бірақ көбінесе 28 күн. Ал әйел гормоналды контрацептивтер қабылдаған кезде гормондар деңгейінің ауытқуы болмайды. Бұл – фолликулдардың өсуі мен овуляцияны болдырмайды, демек жүктілік болмайды. Алайда бұл әйелдің гормоналды жүйесі істен шығады деген сөз емес, сырттан (контрацептивтен) түсетін гомондар әйелдің гормоналды фонын реттейді және оны бүкіл менструалдық цикл бойында бірқалыпты етеді. Ай сайын гормондар деңгейінің ауытқушылығы   болмауы ағзаға жағымды әсер етеді.

Гормоналды контрацепция қалай әсер етеді: контрацептивтің құрамына кіретін гормондар аналық бездегі фолликуланың өсуіне және жетілуіне жол бермейді. Аналық жасуша шықпайды, демек ұрықтандыру мүмкін емес. Яғни, гормоналды контрацепция қажетсіз жүктіліктен сақтанудың ең сенімді әдісі.

Қазіргі уақытта гормоналды контрацепцияның емдік мүмкіндіктері туралы көптеген зерттеулер жүргізілді, олардың нәтижелерін қысқаша түрде төмендегідей көрсетуге болады:

- менструалды циклді реттейді, менструалды циклге байланысты бұзылуларға емдік әсер етеді, қатты қан кету, менструация алдындағы синдром (МАС), менструалдық сақина ұстау.

- репродуктивті жүйенің қатерсіз ауруларының: эндометрия гиперплазиясының, эндометриоздың, кіші жамбас ағзаларының қабыну ауруларының, жатыр миомасының, сүт бездерінің фиброзды-кистоздық ауруының дамуына жол бермейді;

- қабынумен, эндометриозбен байланысты жамбас ауырсынуын әлсіретеді;

- эндометрия, аналық без, тоқ ішектің қатерлі ісігі сияқты кейбір онкологиялық аурулардың қаупін азайтады;

- эстроген тапшылығынан туындаған симптомдардың алдын алу: сүйектің минералды тығыздығының жоғалуы, мінез-құлық бұзылыстары, вазомоторлық симптомдар (беттің қызаруы, басқа ыстықтың құйылуы, тершеңдік);

- темір тапшылығы анемиясы, ревматоидты артрит сияқты аурулардың дамуына немесе өршуіне жол бермейді.

Жалпы алғанда, гормоналды контрацептивтердің емдік әлеуеті соншалықты айқын, сондықтан оларды тағайындау көрсеткіштерін кеңейту мәселесі үнемі көтеріліп келеді және көптеген препараттардың безеу, МАС, аса көп мөлшердегі менструация сияқты қосымша көрсеткіштері тіркеліп үлгерді.

Контрацепция аборт пен қаламаған бала туудың алдын алу, жас қыздардың болашағын жоспарлау, жүктілік қабілетіне әсер ететін гинекологиялық аурулардың қаупін азайту және онымен бірге акушерлік асқынулардың қаупін азайту арқылы әйелдің денсаулығын жақсартатыны анық.

Қорытындылай келе, барлық контрацептивтер тек дәрігердің кеңесімен және бірқатар тексерулерден кейін таңдалатынын ескерткім келеді.

Деніңіз сау болсын, өзіңізді жақсы көріңіз!

«Ана мен бала орталығы» ШЖҚ КМК гинеколог дәрігері   Айна Төлеубекова

Тел.:87786000430